Тамыз айының 27 жұлдызында Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының «Мемлекеттік резиденциялар дирекциясы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны «Қазақстан халқы тілдері күніне» арналған «Тіл – халық мұрасы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Бұл іс-шараның мақсаты – тілдің ұлт мұрасы ретіндегі рөлі мен маңыздылығын талқылау болды. Кештің құрметті қонағы ретінде белгілі мәдениет қайраткері, тележурналист Зейін Әліпбек шақырылды.
Іс-шараға қатысушылар тілдің ұлттық болмысты сақтаудағы маңыздылығын, оның ұрпақтан-ұрпаққа жеткізілетін бай мәдени мұра ретіндегі рөлін талқылап, қазақ тілінің мәдени мұра ретінде сақталуы, Қазақстанда өз тілімізге басымдық беру, оның жаһандану кезеңіндегі дамуы мен қолданылу аясының кеңеюіне қатысты маңызды мәселерді ортаға салды.
Зейін Әліпбек өз сөзінде тілдің тек қатынас құралы емес, сонымен қатар ұлттық рухты, тарихты, мәдениетті, салт-дәстүрді сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізуші маңызды фактор екенін атап өтті. Ол тілдің қоғамдағы рөлі, оның жас ұрпақ арасында кеңінен насихатталуы, қазақ тілін мемлекеттік органдарда дамыту мақсатында қазақ тілді қызметкерлерді әртүрлі ынталандыру жолдары туралы пікірлерін ортаға салып, қатысушыларға ой тастады, сондай-ақ тіл саясатының өзекті мәселелеріне тоқталып, тілдің дамуына қолдау көрсетудің маңыздылығын баса айтты.
Дөңгелек үстелдің қорытындысы ретінде қатысушылар тілге қатысты мәселелерді шешу үшін қоғамның барлық салаларын жұмылдырып, ортақ мүдде аясында бірлескен іс-шараларды жүзеге асыру қажеттілігіне тоқталды.