17 наурызда Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасында Наурыз мерекесі атап өтілді. Орталық аппарат пен ведомстволық қарасты ұйымдар қызметкерлерінің қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылды. Біздің қызметкеріміз Ақшалов Мейрам «Ауылға барам» әнін орындады.
Мерекені салтанатты түрде ҚР Президенті Іс Басқарушысының орынбасары Асат Болатұлы Нұрпейісов ашты:
«Наурыз-қазақтар үшін ғана емес, Азияның көптеген халықтары үшін де жылдың басты мерекесі. Бұл - көктем, табиғаттың жаңару мерекесі және ата-бабамыз мыңдаған жылдар бойы атап өтіп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жатқан дәстүрлі мереке. Туған жеріміз өркендеп, бірлігіміз арта берсін!».
Концерт соңында қатысушылар мен көрермендер асханаға барып, ведомстволық қарасты ұйымдар дайындаған мерекелік дастарқаннан дәм татты. Қызметкерлер мерекелік көңіл-күйде бір-бірін дастарқанға Ұлттық тәттілерден ауыз тиюге шақырды. Күні бойы «Наурыз сыйлықтары» көрмесі жұмыс істеді, онда ұлттық зергерлік бұйымдар, қолөнер бұйымдары мен қолдан жасалған аксессуарлар ұсынылды.
Сондай-ақ 20 наурызда кәсіпорын қызметкерлері басқа ведомстволық қарасты ұйымдармен бірлесіп «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында қарт адамдарға арналған қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастырды.